Үрейлі «хутор», зар илеген ана, Қаржаубайға ескерту мен шатасқан куәгер – Шерзаттың кезекті соты қалай өтті

Бүгін, яғни 17 сәуірде Шерзат Полаттың өліміне қатысты атышулы іс бойынша кезекті сот отырысы болып өтті. Жәбірленуші тараптан Шерзаттың әжесі, анасы мен әкесі, марқұмның досы және сотталушылармен бірге келген әйел сотта жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

“АЛЛАҒА ТАПСЫРДЫМ, ҚҰРМЕТТІ СОТ, ҚАЛҒАНЫ СІЗДІҢ АР-НАМЫСЫҢЫЗДА”

Сот басталған сәтте бүгін судья Ержан Жанұзақов жәбірленуші Ахмет Махметтің (Шерзат Полаттың досы) сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезіндегі жауабын жариялау керек пе деген мәселені көтерді. Прокурор қарсы болды. Ахмет Махметтің өзі Қытайда колледжде оқиды. Сотқа келуден бас тартқан. Тек тергеу кезіндегі жауабын сотқа оқи беруін өтінген. Бұл туралы Ахмет Махметтің өкілі сотта адвокат Бұрманов оқыды. Судья Махметтің тергеу кезіндегі айғағын сотта оқу жөнінде қаулы шығарды. Айғақ кейін оқылады.

Келесі болып сотта Шерзат Полаттың әжесі Жұмабике Қадырова жауап беруге шықты. Жұмабике Қадырова сот кезінде сотталушылардың бірде-бірін бұрын танымағанын айтты.

2024 жылы 4 қазанда сағат 23.00 кезінде жұмыстан келген едім. Шай ішіп отырған кезде келініме қоңырау шалды. Сөйтсек, қоңырау Қаржаубайдан екен. «Шерзат біреуді ұрды, келсін» деді. Қаржаубай Нұрқанатты жіберуді өтінді. Мен оятып айттым. Жүрегім тыныш болмады. Келініме тездетіп жүгіріп барайық дедік. Такси тоқтатам дегенше 20 минуттай өтті ғой деймін. Таксимен дүкенге бардық. Барсақ, екі жерде балалар топтасып тұр екен. Таксиден түсіп жан-жақтан Қаржаубайды да, Нұрқанатты да емес, бірінші Шерзатты іздедім. Ол көрінбеді. Ол жерге барған себебім – балалар жинала ма деп ойлаған жоқпын. Біреуді ұрса, барып кешірім сұрайын дедім. Шерзат біреуге қол көтеретін бала емес еді. Боксқа қатысса да, біреудің жағасына жармаспайтын. Біреулер пышақпен, мылтықпен келетінін білсем, үйімде-ақ полиция мен жедел жәрдем шақыратын едім, — дейді әжесі.

Жұмабике Қадырованың айтуынша, жолды кесіп өткен бойда балалардың алдынан шыққан. Абзал Шынасыл әжені итеріп қалған кезде қартаң әйел арыққа құлап, телефоны ұшып кеткен.

Нұрқанаттың да ажалына осылар себеп болды. Беттестіру кезінде Нұрқанат маған келіп «мама, олар құмырсқаны басып кеткен адам сияқты көріп отырған жоқ, Нұрқияс “олай болса уақыт көрсетеді” деді – деген кезде судья сөзді бөліп, оқиға жайлы баян етуге көшуді өтінді.

«Бәрін басынан бастап еске түсіру де, өлтірген балалардың түрін көру де, қорғаушыларын да көру оңай емес. Осы жерге келгенде қол-аяғым қалтырап кетеді, – деді Жұмабике Қадырова.

Жұмабике Қадырованың сөзінше, ол жерде болғандардың саны 15 адам болған. Олардың бәрі қылмыстан кейін көлікке сығылысып отырып кетіп қалған.

Сұрақ-жауап барысында Шерзаттың әжесі болған оқиғаны егжей-тегжейлі баяндап берді.

Шерзатқа қарап бәрі жүгіріп кетті. Сол кезде алдынан шыққан мені де қағып жіберді. Орнымнан тұра алмай жатырмын, бірақ балаларыма қарадым, Шерзатқа бәрі қол көтерді. Қол көтермеген, аяғымен теппеген бірде-бір адам қалған жоқ. Менің баламның сондайлық сабалатындай не істеп қойғанын осы күнге дейін түсіне алмаймын. 16 жаста ғана. Бұлардың өздерінің ар-намыстары соған барып, соны өлтіргеніне таңғалам. Бір шапалақ ұрса бірсәрі. Кешірім сұрауға келіп едім. Менің балам түнде жүретін бала емес еді. Үйде жатқан бала зарядка алуға барған. Сол аралығында Қытайға оқитын бала Қытайға кететін болып, әкесіне сусын аламыз, зарядканы алуға барам деген бала. Ол түнде қаңғып жүретін бала емес. Ол әкесінің жауапкершілігінде болмағандықтан, түнде жүргізбейтін едім. “Әже-ау, әже-ау” деп кетті балам. Оны өлтіру үшін барғандары анық болып тұр. Неге десеңіздер, дайындалып үш көлікпен келген, – деді ол.

Анасына ұлы Қарбаужай “16 жастағы сотталушының өміріне балта шаппайық, кешірім берейік” деген (сотталушы Ысқақ жайлы).