Сарыағаштық мектеп директоры «Болашақ» стипендиясын жеңіп алды

Түркістан облысы Сарыағаш ауданының мектеп директоры халықаралық «Болашақ» стипендиясын жеңіп алды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Әсел Арапова Сарыағаш аудандық білім бөліміне қарасты №61 жалпы білім беретін мектебінің директоры болып қызмет атқарады. Үздіксіз ізденіс жолы мен өмір бойы оқуды мақсат тұтқан ол шетелде кадр даярлау жөніндегі республикалық комиссия отырысының шешімімен «Болашақ» халықаралық стипендиясын жеңіп алды. 22 жыл бойы педагогика саласында тынымсыз еңбек етіп жүрген ұлағатты ұстаз 5 жыл ағылшын тілін өздігінше үйренгенін айтады.

Мен мектепте неміс тілін оқыдым. 2020 жылы ел пандемиямен күресіп жатқанда ағылшынды үйрендім. 5 жылымды осы тілге арнадым. Нәтижесінде TOEFL тестінен 95 балл жинап, халықаралық «Болашақ» бағдарламасының стипендиясын жеңіп алдым, — дейді ол.